Buch lesen: «Бақыт жолы»
© Олжас Сеитов, 2022
ISBN 978-5-0056-8671-8
Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero
КІРІСПЕ
Құрметті оқырман,
Алдыңыздағы бұл кітап – сізді және сіздің өміріңізді біржола өзгертуге уәде беретін кітап. Дәл қазір қандай жағдайда болып, қандай күй кешпеңіз – мейлі ол жанкүйзелісі не қуаныш болсын, жоқшылық не молшылық болсын, жалғыз не достасып жүрсеңіз – бұл кітаптан сіз психология мен жеке тұлға ретінде дамуға қатысты көптеген сұрақтарыңызға жауабын таба аласыз, ал бұл өз кезегінде өміріңізді әлдеқайда жарқын етіп, көркейте түспек.
Кітаптың «Бақыт жолы. 90 минутта психологиялық травмадан толық айырылу методикасы» деп аталуының себебі не? Мұның себебі, кітапта бір жарым сағат ішінде бақытқа қол жеткізетін рецепт бар! Бұл әзіл емес, маркетингтік айла да, назарыңызды жаулап алуға бағытталған қулық та емес. Бұл утопия да, кітап авторының қиялдары әрі бос уәделері де емес. Психологиялық қай мәселе бойынша жұмыс жасап жатқаныңызға байланыссыз, 90 минут ішінде сізге жеңілдік, түсінік пен ұғымталдық, еркіндік пен бақыт сыйлайтын «пейнхантинг» деп аталатын түпсанамен жұмыс істеудің таңғажайып қарапайым әдістемесімен танысасыз.
Дәлірек айтқанда, 80—90% жағдайда тәжірибелі пейнхантинг маманы, яғни пейнхантер, қолға алған істі 70—90 минутта оң нәтижемен орындап шығады, тек 10—20% жағдайда процесс бірнеше сеанстарды қажет етуі мүмкін. Бірақ пейнхантердің тәжірибесі көп болған сайын, ол кез келген сеансты 90 минут ішінде аяқтап, клиентке жайлы психологиялық күйге жетуіне көмектесе алады.
Пейнхантинг әдістемесі бір күнде пайда болған жоқ. Ол өте көп уақыт пен күш жұмсағанымның жемісі болып табылады. Бәрі де ересек өміріме көп зардабын тигізген балалық шақтағы жан жаралары мен айналадағы дүниеге деген өкпе-реніштен басталды. Ішкі жан-дүниемдегі таусылмас қарама-қайшылықтар, көптеген психосоматикалық аурулар, қайталана беретін жанкүйзелісі, тіпті өз-өзіме қол жұмсауға дейін барғым келгені мені бұл тығырықтан шығар жол іздеуге талпындырды. Проблемаларымның шешімін мен түрлі салалардан іздедім. Дін, психология, рухани тәжірибе және эзотерика, бұлардың барлығымен де шұғылданып көрдім, алайда өмірім айтарлықтай өзгере қоймады. Қайта керісінше, жан-дүниемді тереңірек қазбалап, үңілген сайын, мені ашушаң да қатулы ететін ішкі «жындарым» одан сайын қорқынышты бола түсетіндей көрінді.
Тек 35 жасымда, сансыз ізденістер мен өз-өзімді жеңу үшін жасаған, бірақ түк нәтиже әкелмеген әрекеттерімнен кейін ғана, өзімнен басқа ешкім де менің ой-санамды ретке келтіріп бере алмайтынын түсіндім. Сондықтан да өз-өзіммен түбегейлі жұмыс істеуді қолға алдым. Мен психологиядағы бірде-бір заманауи жүйе адамға шынайы бақытқа қол жеткізуге, балалық шақтағы жеңілдікті қайта сезінуге әрі жастық күш-жігерді жандандыруға көмектесе алмайтынын өкінішпен түсіндім. Ал ең қызығы, терең ордай бұл тығырықтан шығуға маған психология саласымен байланысы жоқ білімім мен қабілеттерім көмек болды! Бұл қабілеттерді мен қаржы менеджмент саласында жұмыс істегенде үйренген болатынмын! Неге бұлай болды дейсіз ғой?
Мен бірінші мамандығым программист, екінші мамандығым экономист немесе кәсіби тәжірибе бойынша қаржылық аналитик және аудитор болғандықтан мәселенің түпкі себебін қазбалап табуға дағдыланған едім. Санам шындықтың түбіне жету үшін 30 рет «неге» деген сұрақ қоюға машықтанған болатын. Сондықтан дәстүрлі психологияны зерттегенде, көптеген әдістердің тым үстіртін екенін және олардың түпсанадағы проблемалардың тамырын анықтауға көмектеспейтінін түсіндім. Ғылымның нақты болуын жақтаушысы ретінде мені әсіресе көптеген теориялардың бір-біріне қарама-қайшылықтары мен нақтылығы жоқ екені қанағаттандырмайтын. Сол себептен маған өте тереңге бойлауға тура келді, яғни өзімнен басқа ешкім де жүйеге келтіре алмайтынды жүйелеу керек болды. Бұл менің ойларым еді.
Сол кезде көптеген рухани білім жинақтағандықтан, мен өмірдегі тәртіп санадағы ретке келген тәртіптен кейін ғана басталатынын түсіндім. Санамызда болса, он мыңдаған ойлар бар. Ірі корпорацияларда қаржы менеджменті ретінде тәжірибем болғандықтан компанияның қаржылық қызметінде туындаған кез келген проблеманың түпкі себебін сандар мен есептердің мәнін, анық-қанығын білу арқылы табуға болатынын түсінетінмін. Міне, дәл осындай әдіс психологияда қолданылуы тиіс еді. Меніңше, психологияда нақтылық пен туралық жетіспейді: мыңдаған психологтар бір мәселенің әр түрлі шешімдерін және сол шешімдерді іске асыру жолдарын ұсына алады, алайда шынымен бақыт пен жеңілдік күйіне жетелейтін нақты бір алгоритмді ұстанып жатқаныңызға еш кепілдік жоқ.
Туралығы, жүйелілігі мен айқындылығының арқасында пейнхантинг қазіргі таңдағы қоғам үшін табылған нағыз игілік болды. Біріншіден ол мені құтқарды. Содан соң менің достарымды, кейін әлеуметтік желілердегі жазылушыларымды да құтқарды. Әрі қарай – менің шәкірттерім, олардың клиенттері және тағы басқалар да игілігін көрді. Осы уақытқа дейін жеке өзім 1500-ге жуық жеке түрдегі сеанстар жүргіздім. 300-ден аса студенттер үйретілді. Және мектебімнен 5000-нан аса адам көмек ала алды. Бұл сандар аз болып көрінуі мүмкін, бірақ бұлардың небәрі 2 жылдың ішінде орын алғанын ескерсек, бұл айтарлықтай жақсы көрсеткіш. Сонда қалайша қоғам психологтық білімі жоқ қаржы қызметкеріне сенім артты? Қалай мыңдаған адамдар маған және менің шәкірттеріме өз жан-дүниелерін сеніп тапсырды?
Егер бұл әдістеменің дәстүрлі психологиядан не ғылыми емес әдістемелерден, сондай-ақ тета-хилинг, космоэнергия, рейки, йога, цигун және т.б. тәрізді сана мен түпсананы зерттеумен байланысты дәстүрлі емес бағыттар мен жүйелерден еш айырмашылығы болмағанда, қоғамда мұндай сенім артушылық жәйден-жәй пайда болмас еді.
Пейнхантинг, ағылшын тілінен аударғанда сөзбе-сөз «ауруды аулау» (pain – ауру, hunting – аңшылық) дегенді білдіреді. Міне, осы екі сөз бұл әдістеменің мәні неде екенін көрсетеді. Пейнхантинг, бірінші кезекте, адам өзі біле бермейтін тереңде жатқан жан жараларын жоюға бағытталған. Өйткені мұндай жан аурулары бар адам шынымен бақытты бола алмайды, ол үнемі өз-өзін алдап, қиялмен өмір сүреді, зиян да ақымақ істермен айналысады. Екіншіден, бұл әдіс толықтай аурудың қайдан бастау алатынын барынша дәл табуға бағытталған, сондықтан «аңшылық, аулау» сөзінен басқа ештеңе оны сипаттауға сай келмейтіні анық. Қазіргі таңда адамдар пайдасыз кітап оқудан және ақпаратқа толы әлемде құнды мәлімет іздеуден шаршаған. Былайша айтқанда, бұны адамға зардабын тигізіп жатқан шамадан тыс артылған ақпараттық жүк десе де болады. Сондықтан да бағалы уақытты текке кетірмей, бос нәрсені қозғамай, жағымсыз ойлар мен жан дертінен арылтуды мақсат етіп жүзеге асыратын әдістің болуы аса қажет.
Психология саласындағы жүздеген заманауи және классикалық әдістерді зерттей отырып, мен осы кітап жазылып жатқан уақытта, яғни 2020 жылы, дүниеде дәл пейнхантинг сияқты жан дертін жоятын және психологиялық проблемаларды тез әрі тиімді шешетін бірде-бір әдістеме жоқ деп айта аламын. Егер осы айтқаныма сенімсіз болсаңыз, кітаптың кем дегенде жартысын оқып, оның әдісін өзіңізге не таныстарыңызға кемінде екі-үш сағат қолданып көріңіз. Ал егер сіз осыдан кейін пейнхантинг сіз білетін басқа әдістемелерге қарағанда әлсіздеу деген қорытындыға келсеңіз, маған бұл туралы электронды поштаға жазып жіберсеңіз болады, мен бұл мәселені қуана зерттеп, сізге міндетті түрде хабарласамын.
Пейнхантингтің тиімді екеніне сенімділігім бір күнде пайда бола қойған жоқ. Бұл әдістеме енді ғана құрыла бастағанда, яғни 2018 жылы мен күндіз-түні ғылыми зерттеулермен айналыстым. Күніне 15—16 сағат жұмыс істеп, түрлі клиенттермен бір күнде сегіз жеке сеанстар өткізген кездерім де болды. Бастапқыда мен бизнеске қатысты қарапайым кеңес бере отырып, біртіндеп жеке тұлғаға қатысты мәселелерге, тұлғалық коучингке көштім. Кейінірек адамдар маған көңіл түбінде жатқан уайым-қайғыларымен жұмыс жасауыма сенім арта бастады, сондықтан да мен үрей қашу, психосоматикалық аурулар, депрессияның ауыр түрлері және т.б. осы тәріздес проблемалардан арылту шешу үшін пейнхантингті қолдануды шештім. Және бұл мәселелерді қысқа мерзімде шешуге болатынына және олардың ресми психология сипаттайтындай соншалықты күрделі емес екеніне таң қалдым. Нәтижелі сеанстардан кейін мыңдаған клиенттер де осындай ойға келді. Бұл әдістеменің тиімділігін тексеру үшін маған келген жүздеген психологтар, үйретушілер, коучтар және тағы осындай психика әрі түпсанамен жұмыс жасайтын басқа мамандар да пейнхантингтің қарапайымдылығы мен тиімділігіне таң қалды.
Осы кітапты оқығаннан кейін, анализ жасау үшін ақыл-сананы іске қосумен, адамды тыңдай білумен және оған көмектесуге деген шын ықыласпен күрделі психологиялық мәселелерді шешудің қаншалықты оңай екендігін білгеніңіз сізді де таң қалдырары анық. Бұл, әрине, қисынсыз болып көрінуі мүмкін, бірақ біздің тәжірибемізде әсіресе психологиялық білімі жоқ адамдардың пейнхантинг әдісімен жұмыс жасағандары көбірек оң нәтиже әкелген, себебі мұндай кісілердің адамның ішкі болмысы жайлы түсініктері, психолог мамандардыкіндей күрделеніп кетпеген.
Сондықтан да бұл кітапта сипатталған әдістемені өз санасы мен жан-дүниесін түсініп ретке келтіргісі келетін және басқа адамдарға көмектескісі келетін кез келген адам қолдана алады. Мейірімділік, табандылық, естілік пен мұқияттылық танытқаныңыз және әрине, осы кітапты мұқият зерттегеніңіз, сізді қоғам үшін өте пайдалы әрі бағалы адам етпек. Сіз болмысыңызды, өміріңізді, отбасыңызды жақсы жаққа өзгерте бастайсыз, ал осы мәселелермен нәтижелі жұмыс жасасаңыз, сізде сізді қоршаған айналаны өзгертуге, істеріңізді ақылмен жүргізуге, балаларға түсінікпен қарай отыра көңіл бөлуге және өміріңізді өз бақылауыңызға алуға деген ықылас ояна бастауы мүмкін. Сонда осы «өзгергіш дүниенің» ырқына көніп иіле бермейтін боласыз.
Пейнхантингпен адам өзін бір сиқыршыдай сезінеді. Жағдай шиеленісіп, өмірдегі проблемалардың шешімі жоқтай болып көрінгенде пейнхантингтің бірнеше сеансы өміріңізді өзгерткені сонша, оны өзіңіз ретке келтіріп, өз бақылауыңызға ала аласыз. Ал егер сіз діндар болсаңыз, пейнхантинг мен үшін емес деп ойламаңыз. Өйткені пейнхантинг дінге қарсы ілім емес. Қайта керісінше, пейнхантинг сізге Құдайға жақындауға және қасиетті кітаптардың мағынасын тереңірек түсінуге көмектеседі, себебі ол сізді бастапқы таза рухани болмыстан алшақтатқан барлық теріс көзқарастардан арылтады.
Пейнхантинг өте маңызды ғылым болғанымен, кітапты құрғақ ғылыми тілде жазуды жөн көрмедім. Мен оқырмандарға түрлі дәлелдермен, басқа мәлімет көздеріне сілтемелермен ауыртпалық та салмаймын. Кітаптағы көптеген сөз тіркестері қарапайым шындық болып табылады, сондықтан да аспанның көгілдір, ал жердің шар тәріздес екенін айтып дәлелдемеймін. Менің басты мақсатым – мейлінше көп адамның осы кітапты оқып шынайы бақыт сезіміне қол жеткізуін қамтамасыз ету. Сондықтан, егер әр сөзді талқылауға және әр сөйлемге сын айтуға әуес болсаңыз, өз тұжырымдарымның негізі мен ғылыми дәлелдері келтірілген академиялық тұрғыдағы еңбегімнің шығуын күтуіңізге тура келеді. Әзірге, сын көзқарасыңызды шетке ысыра тұрып, менің тұжырымдарым мен ойларымның ақылға қонымды екенін қабылдай білсеңіз екен деймін. Ал нақты нәтижелерге қол жеткізгеннен кейін, сіз өмірдің жалпы бейнесін көрмей, бұрынғы ғылыми түсініктердің тұзағында болғаныңызды түсінесіз.
Ал енді іске көштік.
Кітаптың төрт бөлімі бар.
Біріншісінде, «пейнхантинг» әдістемесінің мәні неде екенін білесіз, түпсанадағы ұстанымдарды қалай табуға болатынын және қалай оларды біржола өзгертуге болатынын түсінесіз.
Екінші бөлімде болса, бірінші бөлімде сипатталған әдісті қолдана отырып, жағымсыз сезімдермен қалай күресуге болатынын анықтайсыз.
Үшіншісінде, сіз жеке тұлғалық дамуда жетістікке жеткізетін және нағыз бақыт пен еркіндікке қол жеткізетін ауадай қажет өмірдің негізгі заңдары туралы түсінік ала аласыз.
Төртінші бөлімде сіз өмірде жиі кездесетін проблемаларға қатысты анықтамалықты таба аласыз, осы проблемалардың сипатын және оларды шешуге бағытталған іс-әрекеттердің нақты жоспарын түсіне аласыз.
Бұл кітапты ұсақ-түйегін терең зерттеп, аса тоқтала бермей, рет-ретімен оқығандарыңыз өте маңызды. Сонда адамның жан-дүниесінің бейнесін құрайтын бөліктерді, былайша айтқанда пазлдарды, тыңғылықты құрастыра аласыз. Ал кейінірек терең зерттеу жүргізу үшін арнайы тарауларға көшуге болады. Ал егер сіз бір тараудан екіншісіне секірсеңіз, қандай да бір нәрсені, оның ішінде кейбір қиын терминдерді дұрыс түсінбей қалуыңыз мүмкін, бұдан осы кітапты жаратпай, әрі қарай айтылғандарды қабылдамауыңыз мүмкін. Алайда мен бұл кітапты қиын терминдерді мейлінше аз қолданып әрі тәжірибемде болған мысалдарды барынша көп қолдана отырып, қарапайым етіп жаздым. Сондықтан бұл кітап кез келген дайындық деңгейіндегі оқырман үшін түсінікті болмақ.
Айтпақшы, бұл кітап дайындықтан өтпеген, психологиялық проблемалардан арылғысы келетін оқырмандарға ғана емес, сонымен қатар мамандарға – пәлсапашыларға, медицина қызметкерлеріне, эзотериктерге, сондай-ақ жаңа мамандықты игеріп, пейнхантер болғысы келетіндерге де пайдалы болады.
Егер өз проблемаларыңыздың қайнар көздеріне саяхаттауға дайын болсаңыз, егер өз-өзіңізді және адам жанын тереңірек танып-білгіңіз келсе әрі сұрақтарыңызға жауабын табуға ынталы болсаңыз, онда әрі қарай алға жүрейік!
1-Бөлім. «Пейнхантинг» әдістемесі жайлы
1.1 Тарау. Адамға қайғы-қасірет әкелетін не?
Өміріміздің өзі қайғы-қасірет болып табылады ма? Неге біреу кедейліктен жапа шегіп жатқанда, басқа бір бай кісі өмірінде қояр мақсатының жоқтығынан жапа шегеді? Неге адам қатты қалаған нәрсесіне қол жеткізгеннен кейін, азғана уақыт өте өзін қоярға жер таппай, қайтадан басқа жаңа нәрсені іздей бастайды? Осылай болғаны дұрыс па?
Неге данышпандар «бақыттың кілті – жай ғана бақытты болуда» деп айтады? Егер бұл осыншалық оп-оңай болса, неге дүниеде бақытсыз жандар көп? Әлде көп адамға бақытсыз болу ұнағаны ма?!
Кейбір рухани тәжірибемен айналасытатындардың айтуынша, бізге өз ойларымыз бен өз санамыз қайғы-мұң әкелетіндіктен, адам бақытқа тек медитация кезінде ғана қол жеткізе алады. Олардың сендіруінше, медитация кезінде адам ой-санасында өз-өзімен жүргізетін мәнсіз диалогын доғарып, тыныштыққа кенеледі. Ал сол тыныштық оны бақытқа жетелейді. Шындығына келгенде, бұл солай ма?
Ал Батыс өркениеті болса, адам бір кемелді арманға қол жеткізсе, міндетті түрде бақытты болады дегенді айтады. Адамдар бақытты боламын деген үмітпен жылдар, тіпті ондаған жылдар бойы сол арманға ұмтылады, жетістікке жетуден келетін қуанышты қайта сезінуді қалап, материалдық игіліктерге ие болу үшін қысқа мерзімді мақсаттарға қол жеткізеді. Бірақ күндердің күнінде бұл қуаныш әкелуден қалады! Адам есті болған сайын, материалдық жетістіктерге жетудің мәнсіз екеніне тезірек көзі жетеді де, рухани күйзеліске ұшырайды. Ал енді мәселенің төркінін табайық. Қазір сіз бақытты болудың қызықты да қарапайым сырын түсінесіз. Сіз мұны байқап та жүрдіңіз, бірақ аса мән бермеген боларсыз.
Көз алдыңызға өміріңіздегі ең бақытты жандарды елестетіңізші. Бұл кімдер? Иә, бұл бақытты жандардың балалар екенін бірден түсіне қойған шығарсыз. Ал қандай сәттерде балалар әсіресе бақытты? Байқағансыз ба, олар ойнап жүрген сәттерде жүздері бал-бұл жайнап, бақытты боп тұрады! Жүрекке жылу берер – анасының құшағына енгенде, тәтті балмұздақтан рахаттанғанда бақытты болады. Қызықты да жаңа нәрсені тамашалап тұрғанда, бір нәрсені өз қолдарымен жасағанда, ата-аналары оларға тамсанып, сүйсінгенде олар бақытты боп тұрады.
Ал енді қандай кездері балалар бақытсыз болатынын қарастырайық. Әрқайсыңыздың өз балалық шағыңызда болған оқиғалар есіңізге түсіп отырған шығар. Баланы ойнап жатқан ойынынан айырғанда, ол бір-ақ сәтте бақытсыз бола қалады. Өзгелер оның қадірін түсіріп ұрысқанда, сүйікті ойыны ішпыстырарлық боп кеткенде, айналадан қауіп сезінгенде, бір жері ауырғанда мұңаяды. Өзгелердің көңіл бөлгенін, сүйіспеншілігін сезінбегенде, мақтау сөз естімегенде, ата-анасынан әділетсіздік көргенде, оған ұнамайтын істі жасатқанда бала бақытсыз болады.
Сонымен, жоғарыдағы мысалдарды ескерер болсақ, бақыт пен бақытсыздықтың түп тамыры қайда жатыр?
Егер бақытты болудың мәні ата-ананың құшағына бөленуде, балмұздақ пен ойыншық алуда болса, неге ересек адам осы қалауларды орындау арқылы бақытты бола алмайды? Ал егер бақытсыз болудың себебі адамдардың бір-бірімен осал қарым-қатынастарында, бір-бірінің қадірін түсіріп құрметтемеуінде, әділетсіздік танытуында болса, онда неге әл-ауқаты төмен елдерге қарағанда дамыған елдерде суицид көп? Бұл елдерде кедей елдерге қарағанда әдептілік пен мәдениеттілік деңгейі жоғары ғой?!
Байқағансыз ба, офисте отырып миллиондап ақша табатын адамға қарағанда, бау-бақшада жұмыс істеу сияқты, қарапайым істермен айналысатын адамның жанары жайнап, бақыттырақ боп тұрады. Сонда бақытты болудың құпиясы неде?
Бақыт деген – ой-санаңызда жарқын бейнелердің өте көп болған кездегі күй. Бұл бейнелерге сіздің болашаққа көзқарасыңыз, қалауларыңыз, арман-тілектеріңіз, естеліктер, сезімдеріңіз және тағы басқалары жатады. Осы жарқын бейнелер ой-санаңызда неғұрлым көп болса, өміріңізде соғұрлым бақытты сезінесіз. Ал керісінше олардың саны неғұрлым аз болған сайын, соғұрлым өміріңіз қараңғы болып көріне бастайды, сәйкесінше өзіңізді бақытсыз сезінесіз. Міне, сондықтан да екі адам бірдей жерде, бірдей уақыт пен жағдайда тұрса да, бірі үйірілген қара бұлтты көрсе, екіншісі әсем гүлдерді көреді. Бірі заманды қауіпті деп тапса, бірі көптеген жаңа мүмкіндіктерді көре біледі. Бірі өміріне көңілі толмай, шағымданып жүрсе, бірі өз қолымен жарқын өмір жасайды. Бұл адамдар арасындағы айырмашылық, бар болғаны, олардың санасындағы жарқын бейнелердің саны мен сапасында.
Көпшіліктің қалай өмір сүретінін қарастырайық. Балалық шағында олардың өмірі бақытқа толы болады, жас кезінде азырақ, ересек өмірінде одан бетер аз, ал қартайғанда жоқтың қасы. Сонда бақыт қайда кетті? Ол тек балалық шақта ғана бола ма? Жоқ, өздеріңіз де түсініп отырғандай, шындығына келгенде адам есейе келе санасындағы жарқын бейнелерді жоғалтып, олардың орнын қараңғы да мұңлы бейнелер басады. Бар құпия осы!
Сонда адам бақытты болу үшін бар болғаны оның санасындағы жағымсыз бейнелерді жарқын бейнелерге ауыстыру керек, солай ғой? Иә, дәл солай. Пейнхантингтің бар мәні осыда. Пейнхантинг ешкімді де ой-сананы тыныштандырып, сол тыныштық арқылы бақытқа қол жеткізу үшін Тибетте ондаған жылдар бойы медитация жасауға шақырмайды. Өйткені бұлай ету, яғни санада тұрған қараңғы бейнелерден құтылу үшін өмірдің шындығынан қашу, ақымақтық болып табылады. Пейнхантинг сізді көптеген мотивациялық жаттықтырушылар үйрететіндей, жағымсыз бейнелерге мән бермей, еш нәрсе болмағандай алға баса беруге шақырмайды. Пейнхантинг Африкада аштық көріп жатқандарға қарағанда «қарныңыз тоқ, көйлегіңіз көк» екенін айтып жұбатпайды және санаңыздағы жағымсыз бейнелерді қабылдауға, соларға көнуге мәжбүрлемейді. Пейнхантинг сізді жүріс-тұрысыңыз жақсы болуы керек деп үйретпейді, себебі жан жарасы емделмеген бақытсыз адам өздігінен жақсы мінез-құлық таныта алмайды.
Пейнхантинг бейнелерді бір-біртіндеп өзгерту арқылы жан-дүниеңізді өзгертеді. Ал қараңғы бейнелер жарқын бейнелермен алмастырылғанда, сіз өзіңіз-ақ бақытты, мейірімді, дана, жайдарлы, жауапты да ынталы адам бола түсесіз. Тек жарқын бейнелер ғана сізге күш-қайрат, мотивация, ынта-жігер мен табандылық береді. Осы жарқын бейнелер ғана сізге анағұрлым белсенді болуға, жасампаз болуға, бірнәрсені ойлап-табуға, батыл түрде алға басуға көмектеседі. Тіпті құлдырап жатқан қоғамда өмір сүріп жатсаңыз да, тек жарқын бейнелер ғана сізге керемет болашақты көруге, өзгелерге көмектесуге, олардың қажеттіліктерін түсінуге, сәйкесінше табысты әрі өз ортаңыздың көшбасшысы болуға мүмкіндік береді.
Қараңғы бейнелерді алып тастап, жарқын бейнелерді қалпына келтіру. Неткен қарапайым да жеңіл түсінік! Бірақ неге адамзат ғасырлар бойы осы шындықты түсіне алмаған?! Ал егер түсінген болса, бәлкім, бұл жағымсыз бейнелерден арылудың жолын білмеген болар?!
Иә, шындығында бұл бейнелерді алып тастау – оңай шаруа емес. Ол үшін бұл бейнелердің неліктен бізге мықтап жабысып, оңайлықпен кете қоймайтынын түсіну керек. Дәл осы мәселеде мыңдаған психологтар бастарын қатырып, осы бейнелердің құлдырататын күшін азайту мақсатымен көптеген айла-амалдар ойлап тапқан. Осыған қатысты, өкінішке қарай, күтпеген бір жайт анықталды. Көп адам жан жараларынан айырылғысы келмейтін боп шықты. Өйткені ешкім де жан жарасынан толықтай арылта алмағандықтан, қоғам жан жарасынан зардап шегу пайдалы деген жалған сенім ойлап тапты!
Сондықтан санамыздан жағымсыз бейнелерді алып тастамас бұрын, біз мына жайттарды түсінуіміз керек: бұл қараңғы бейнелер мен жан азабы шындығында керек пе өзі? Олардан арылған дұрыс па? Өте көп адамға жағымсыз ойлардан арылуды ұсынғанда, олар бұл жағымсыз бейнелердің оларға өмірге қажетті ішкі күш беріп, төзуге көмектеседі деген қисынсыз ойларды айта бастайды. Не деген ақылға қонымсыз тұжырым?!
Қазір осы мәселені толығырақ қарастырайық.