Kostenlos

Бақытты болудың жедел және қарапайым жолы

Text
4
Kritiken
Als gelesen kennzeichnen
Schriftart:Kleiner AaGrößer Aa

Психология үйретеді: біздің әрқайсымыз үшін бір іс-әрекет жасауға екі себеп бар. Біріншісі – пайда алу, екіншісі – шығынға жол бермеу. Егер сіз пайда мен табысты, нәтижені нақты және анық көрсеңіз, сіз жоғары бағаны төлеуден бас тартпайсыз.

Жетістікке жеткендер мен жетістікке жете алмай қалғандардың арасындағы маңызды айырмашылық (бұл өте қарапайым) – қатты қалау. Ал пайда, табыс, сый, мақтау – қатты қалауды тудырады. Жеңілгендердің қалауы таусылып қалған, неге? Себебі мотивация жетпегендіктен. Сондықтан пайда мен табысты анықтауға және оларды жазуға уақыт бөліңіз, бұл сіздің мотивацияңызды арттырады. Мақсат қою – мотивацияға тән амал және оған қол жеткізген кезде алынған сый, марапат ретінде бұл процесс әрі қарай дамуы мүмкін. Егер сіздің мақсатыңызда сый, марапат жазылмаса, онда сіздің мақсатыңыз жоқ.

Егер сіз үшін мақсат қою жағдайыңызға байланысты деп ойлайсаңыз сіз қателесесіз, мақсат қою – тек оған деген көзқараспен байланысты. Егер сіздің жазбаша жоспарыңызда мақсатқа жетудің пайдасы мен табысы нақты және анық көрсетілмесе, сіз ең бастысы – әрекет жасауға деген ынтадан айырыласыз. Ынта жоқ – әрекет жоқ. Сіз қалаған нәрсенің нақты нәтижесін жазу, тыңдау немесе айту арқылы өмірдегі кез келген проблеманы шеше аласыз.

Кедергілермен қалай күресуге болады?

Сіз өзіңіз қалаған нәрсені жазғаннан кейін, ең алдымен, бұл «мүмкін емес» екенін сезінесіз. «Мен мұны қалай істеу керектігін білмеймін. Бұл бәрібір көмектеспейді, текке уақыт жоғалтамын. Мен өзімді біртүрлі сезінемін. Мен жындының ісін істеп жатқан жоқпын ба? Ақшаны жұмыс істемей табу мүмкін емес? Егер мен осыны жасайтын болсам, кәпір болып, күнәһар атанып, діннен шығып кететін шығармын? Егер менің арман-мақсаттарым орындалмаса ше, осының барлығы құр босқа зая кетсе ше?». Мұның бәрі ақылдың (нәпсінің, оның ішінде тәннің) фокустары, жан сақтау. Сізді ойдан шығарылған қауіптен қорғауға тырысатын – сіздің бейсанаңыз. Сіз бірдеңе жасағыңыз келетінін бейсана байқаған кезде, оны бағалау және бейтараптандыру үшін сенім мен түсінік фильтрациясынан өткізеді. Егер сіз бейсанадан ақылға көтеріліп, өзіңіз қалаған нәрсеге, кедергіге емес, кім болғыңыз келетініне, яғни мақсатқа назар аударсаңыз, онда сіз міндетті түрде мақсатыңызға жетесіз. Кез келген тапсырманың сәтті аяқталуы болмыс (сана) деңгейінде анықталады, яғни тапсырманы бастамас бұрын, басқаша айтқанда, сіз оны орындамас бұрын жасай алатындығыңызға сенуіңіз керек. Көрмей жатып сену – бұл өнер.

Біз сенімдерімізге сәйкес келмейтін мақсаттың ақыл-ой бейнесін санамызда ұстай алмаймыз. Ықтимал кедергілер мен қиындықтарға шынайы дайын болыңыз не сеніміңізді дұрыстаңыз. Өзіңізге сұрақ қойыңыз: «Бұл мақсатқа жетуіме қандай жағдайлар немесе адамдар кедергі болуы мүмкін?». Бұған сіздің берген жауабыңыз сіз қалаған нәрсені АЛ – у үшін не ІСТЕ – у керектігін көрсетеді. Кейбір кедергілер мен қиындықтар қарапайым болуы мүмкін, басқалары күрделірек болуы мүмкін. Көптеген адамдар мұны жасамайды, себебі олар кедергілер мен қиындықтарға назар аударуды артық жұмыс деп санайды, бірақ мақсатқа жету жолында кім және не тұрғанын білмейінше, сіз бара жатқан жерге жете алмайтыныңызды түсіну маңызды. Сондықтан бұл кедергілерді жазбаша түрде жазып, мүмкіндігінше толық тізім жасаңыз. Кейбір кедергілер сіздің қатысуыңызсыз өздігінен шешіледі. Алайда, адамдардың мақсат қою кезінде жіберетін ең үлкен қателігі – бұл өз мақсаттарына жетуге кіріспес бұрын, алдын алу керек кедергілер мен қиындықтарды ескермеуі. Сіз олардың барлығы туралы білмеуіңіз мүмкін, бірақ сіз қаншалықты дайын болсаңыз, олармен күресу соншалықты оңай болады.

Табиғи үрдіс – бұл процесті аяқтағаннан кейін сіз біршама көңілсіз боласыз және мүмкін сіздің ынта-жігеріңіз жоғалатын шығар, сізді қиындықтар мен кедергілер шошытуы мүмкін. Алайда сіз кедергілер мен қиындықтарды жеңу үшін қажет күш пен уақытқа назар аудара бастайсыз, бірақ егер оған менің күшім мен мүмкіндіктерім жетпейді деп санасаңыз, бірнеше минутқа тоқтап, жазылған пайда мен табысқа қайта оралып, жоспарыңыздың позитивті сөздерімен энергия алып, мотивацияны қуаттап алыңыз.

Нағыз мықты жоспар екі бөлімнен тұрады: позитивті (пайда) және негативті (кедергі). Бұл жеке шығармашылық процесс болғаннан кейін, не жазу керегінің барлығын өзіңіз таңдап, өзіңіз шешуіңіз керек, мен басқа авторлар сияқты дайын асты бергенді ұнатпаймын, себебі сіз өз миыңызды өзіңіз қозғауға міндеттісіз, автордың құлы болуға емес.

Бақытты болуға қарай бірінші қадам жасаңыз

Бақыт жолында жеңуге тура келетін кедергілер мен қиындықтар, сіз қалаған арман-мақсаттың қасында түк емес екендігін біліңіз және бақыт жолын бастаңыз. Сіздің жоспарыңыз бойынша жұмысты тоқтату немесе жалғастыру туралы әрқашан таңдауыңыз бар екенін біліңіз. Сіз кез келген уақытта ойыңызды (жазбаша түрде) өзгерте аласыз. Бірақ әзірше бастау керек.

Түпкі мақсатқа қадалып алыңыз. Бірақ әрбір жазылған қадамдарға назар аударыңыз. Бір уақытта бір қадамға жылжитын болыңыз. Көптеген адамдар түпкі мақсатқа шамалы ғана қалған кезде (бір қадам) бас тартады және өмірде өз орнын таба алмай қиналады. Сол себепті нұсқаулық ретінде соңғы нәтижені, түпкі мақсатты қолданыңыз. Бірақ тағы қайталап айтамын, әрбір жазылған қадамдарға назар аударыңыз. Мақсатқа жету үшін бір уақытта бір ғана қадам жасау өте маңызды, сонда өзіңізге сенімді боласыз. Ең үлкен мақсаттарға ұлы тұлғалар біртіндеп қол жеткізген. Олар жүгіріп емес, жүріп жетті. Жүгіргендердің бәрі орта жолда сүрініп, құлады.

Кедергілер туралы білгеннен кейін, сіз білудің өзі шешім табуға әлдеқайда жақындатқанын көресіз, өйткені білім – бұл күш. Кедергілерді жеңудің шешімдері мен бағасы өте айқын болады. Әр кедергінің шешімі бар және ол әрқашан қол жетімді, себебі жауаптар жеке адамның ішінде. Жауапты сырттан іздеудің қажеті жоқ. Білетініңізге көз жеткізіңіз, сонда сіз өзіңіздің кедергілеріңізді жеңуге көмектесу үшін дұрыс адамға, керекті жерге, дұрыс кітапқа немесе дұрыс жағдайға бағытталасыз.

Мынадай сенім жүйесін дамытыңыз: «Мен білуім керек нәрсені білемін». Сіз не істеу керектігін білесіз және оны қалай жасау керектігін білесіз, өйткені сіздің «Жоғары Мен» немесе «ішкі басшылық жүйесі» сізді бір қадамнан келесі қадамға бағыттайды, әсіресе егер сіз ашық, өзіңізге жауап беретін және өзіңізден (бейсанадан) жауаптарды қабылдайтын адам болсаңыз. Осылайша сіз енді кедергілерді шектеулер ретінде көрмейсіз. Өйткені сіз кез келген кедергіден мықты екеніңізді білетін боласыз. Егер сіз өзіңіздің қалауыңызды, артықшылықтарыңызды, кедергілер мен шешімдерді біріктіріп, оларды жазсаңыз, сізде керемет күш пен толқу сезімі пайда болады. Бұл сонымен қатар сіздің шектеулеріңіздің көпшілігі, өзіңіздің өзіңізге босқа жүктегеніңіз екенін көруге көмектеседі.

Уақытты тек өз пайдаңызға пайдаланыңыз

Уақытты дұрыс басқару – кез келген мақсатқа жетудің маңызды факторы болып табылады. Паркинсон заңында «жұмысқа бөлінген уақыт, барлық жұмысты толтырмайынша өседі» делінген. Осы себепті, басқалармен қатар, біздің әрекеттерімізге де уақыт шеңбері немесе уақыт лимиті қажет, безлимит деген өмірде жоқ. Өкінішке орай бұл сөзді естігеннен кейін, көптеген адамдар саналы түрде немесе бейсаналық түрде өздерінің іс-қимыл жоспарынан бас тартады. Оның себептері – уақыттың шектеулі екенімен келіспеу, мәңгілік өлмейтіндей өмір сүре беру. Менің ойымша уақытты барлығына тең үлестіру үшін қатаң іс-әрекет ету мерзімін құру өте маңызды. Бұл мотивацияның маңызды механизмі. Сондықтан мотивацияны одан сайын арттыру үшін уақыт кестесін (график) құру артық болмайды.

Егер сіз мақсатыңызға қатаң мерзімді белгілесеңіз, сіз сол кестеге сәйкес әрекет етіп қана қоймай, сонымен қатар кесте сізге де әсер етеді. Сондықтан кез келген мақсатыңыз үшін, оған жететін күнді анықтауыңыз керек. Мысалы: «алдағы алты айда жиырма килограмм жоғалтамын деп үміттенемін» деген мәлімдемені түзету керек: «Мен дәл (х) килограмм салмақ тастаймын және белгілі бір күнге дейін». Бұл мәлімдеме сізге «нені» және «қашан» орындағыңыз келетінін көрсетеді. Ол ешнәрсені жоғалтуды емес, нақты мақсатқа жетуді (яғни, нақты килограмм мен күнін) баса көрсетеді. Егер сіз белгілі бір уақыт аралығында жұмыс жасасаңыз, сіздің ойлауыңыз, әрекеттеріңіз бен реакцияларыңыз айқын болады және сіз табандылықпен әрекет етесіз. Бұл сізге алаңдаушылықтан арылуға, нақты ойлауға және шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік береді. Себебі қарапайым. Сізге маңызды емес әрекеттер туралы алаңдауға уақыт болмайды.