Kostenlos

Бақытты болудың жедел және қарапайым жолы

Text
4
Kritiken
Als gelesen kennzeichnen
Schriftart:Kleiner AaGrößer Aa

Сіз айтасыз: «Жақсы рахмет, бірақ мен белгілі бір жауапкершілікке байланғым келмейді. Мен жайбарақат, тиыштықта, мақсатсыз өмір сүргім келеді» немесе «Мен тек еркін өмір сүргім келеді, қалаған ісімді жасаймын, қалаған нәрсемді таңдаймын, мақсат қою маған кедергі бола алмайды».

Біз кейде еркін болу деген сөз – міндет пен жауапкершіліктен аулақ болуды білдіреді деп қателесеміз. Егер біз мойынымызға жауапкершілік алсақ, ол бізді өз қолына алады, басқарады және бізді таңдау еркіндігінен айырады деп қорқамыз. Сондықтан біз өміріміздің себебі болуға тырыспаймыз және жауапкершілікті қабылдаудан аулақ боламыз. Біз айтамыз: «Мен еркін болғым келеді». Бірақ сізге ескерту – жауапкершілік пен өз міндеттеріңізден құтылуға тырысу, қашу – айналаңыздағы адамдарды тұтқында ұстайды. Мұндай қарым-қатынаста ешкім жеңе алмайды, барлығы жеңіліске ұшырайды. Олар негізінен тұтқында емес, бірақ сізге сенерін білмей, абдырап, шатасып қалады. Сондықтан сіз жауапкершіліктің не екенін түсіну үшін дұрыс шешім қабылдауды үйренуіңіз керек. Еркіндік шын мәнінде дұрыс таңдау жасау мен жауапкершілік алу қабілетінде.

Біз өзімізге «Мен шынымен нені қалаймын?» деген сұрақты жиі қоюымыз керек. Біз өз ниетімізді түсінбейінше, өз-өзімізді тани алмаймыз. Сіз өзіңіздің нақты және анық не қалайтыныңызды білетін позициядан бастаңыз. Мақсат қою дәл футбол ойыны сияқты қай позициядан бастасаңыз да түпкі мақсат қарсыластың қақпасына гол соғу. Сіз ең бірінші қарсыластың воротасы қай жерде екенін біліп алыңыз – білу жеткіліксіз, себебі доппен ұрған он удардың тоғызы воротаға емес, айдалаға кетеді, сондықтан аяғыңызға ие болыңыз, допты дәл воротаға тигізуге тырысыңыз, қазақтың футболистері сияқты болмаңыз…

Күндердің бір күнінде, сізге анық және нақты шешім қабылдауға тура келеді. Егер сіз қазір дұрыс шешімдер қабылдауды үйренбесеңіз, ақыр соңында сіздің тағдырыңызды басқа біреулер шешетін болады. Және олардың шешімдері екі өмірде де өкінішті болуы мүмкін.

Шешім қабылдаудан бастаңыз

Сіз шешімнің жоқтығы шешім екенін естіген шығарсыз. Шешімнің жоқтығының астында қате мақсат жасырынған – әрқашан «менікі дұрыс» деген. Сіз не қалайтыныңызды тек өзіңіз ғана білесіз, сондықтан «сіздікі әрдайым дұрыс», сіз еш уақытта қателеспейсіз, сондықтан өзіңізден ешқашан көңіліңіз қалмайды деп ойлайсыз.

Біз бала кезімізден қателеспеу үшін бағдарламаланғанбыз. Шешім қабылдауды үйренбегендіктен, шешімнің жоқтығынан – біз бала болып қала беруіміз мүмкін. Ондай адамдар көп.

Біз өмірді өз қолымызға алуға шешім қабылдаған сәт – әке мен шешеге деген тәуелділіктен босап, үйден шынымен кететін сәт. Кез-келген аң-құс, жалпы жануарлар максимум балаларына 1-2-3 жыл қамқорлық жасайды сосын бостандыққа жібереді, ұмытады. Сондықтан біз де жануарлардан деңгейіміз жоғары екендігін дәлелдеу үшін маңызды шешімдер қабылдауға кірісу керекпіз, біз өзіміз үшін өзіміз ғана жауап беретінімізді ұмытпауымыз керек.

Мен түсінемін, әрқашан көмектің басқалардан болғанын қалайтын бала болу, пассивті болу – қауіпсіз, бірақ біз осылайша өзімізді өзіміз басқара білу қабілетін жоғалтып аламыз. Шешім қабылдау (мәні бойынша) – бұл үлкен құпияны ашу. Егер сіздің өмірдегі мақсатыңыз, ШЫНАЙЫ кім екеніңізді өзіңізге дәлелдеу, басқаларға көрсету болмаса, онда сіз әрқашан шешімнің жоқтығынан зардап шегесіз.

Шешімнің жоқтығының тағы бір себебі – бір нәрседен бас тарту керек болады деп уайымдау. Мысалы, егер сіз АҚШ – та оқығыңыз келсе, бірақ сізге грант Турциядан бұйырып тұрса, онда сіз АҚШ – та оқимын дейтін арманыңызды біраз уақытқа тоқтатуға тура келеді. Сізде екі таңдау – не күйзеліске түсу не бұйырған оқуды оқу.

Бір мақсатты таңдау басқалардан бас тартуға тура келетінін білдіреді. Егер сіз белгілі бір шешім қабылдайтын болсаңыз, онда басқа жолдардан (әзірше) бас тартуға тура келуі мүмкін екенін ұмытпаңыз. Бұл – сіз бәрі БОЛ – а алмайтыныңызды, бәрін ІСТЕ – й және бәрін бір уақытта АЛ -а алмайтыныңызды білдіреді. Ең бастысы бұл – сіздің бәріне бірдей ұнай алмайтыныңызды білдіреді. Сіз таңдау жасап, шешім қабылдағанда – сіз белгілі бір адамдардың құндылықтарынан бас тарту қаупіне ұшырайсыз. Олар сізді жақтырмауы мүмкін. Сіз олар қалағандай болуға тырыспаңыз, шынайы өзіңіздің қалауыңызды білдіріңіз. Басында айтқанда, оларға ұнамайды. Бірақ сіз өзіңіз де, жақындарыңыз да сіздің шынайы кім екеніңізді қияметті күтіп жатпай, қазірден бастап танып, зерттеулеріңіз керек.

Ешқандай артық күш-қуат пен уақыт жұмсамай, сіз – құндылықтарыңыз бір-біріне қарама-қарсы келетін әр түрлі адамдардың сүйіспеншілігі мен қолдауын сақтай аласыз, ал сіздің дұрыс шешім қабылдай білуіңіз – татулық пен түсіністікті сақтап қалу «мүмкін емес» жағдайлардың өзінде татулық пен түсіністікті сақтап қалуға көмектеседі. Дұрыс шешім қабылдау 30% ортаға байланысты, 70% тек сізге байланысты. Бірақ сіз өз пайыздық үлесіңізді 100% – ға жеткізе аласыз.

Өмірде барлық нәрсені таңдау керек

Өмірде бәрі толығымен адамның өз еркінде. Сол себепті таңдау жасау бұл адамның басты проблемаларының бірі. Таңдау әрдайым адамның өз-өзіне сұрақ қоюы немесе өзімен-өзі іштей сөйлесуі арқылы жасалады. Бізде дауыс беруге құқығымыз жоқ екі ғана таңдау бар, яғни бізбен міндетті түрде БОЛ – уы керек екі нәрсе. Біз қанша тырыссақ та, ол екеуінен қашып құтыла алмаймыз. Біріншісі – біз күндердің бір күнінде өлуіміз керек. Өлім – бұл абсолютті еріксіздік. Ал біз тағы қашып құтыла алмайтын екінші нәрсе – біз өлгенше дейін қалайда өмір сүруіміз керек. Енді мынаны түсініңіз: сіздің өміріңіздегі қалғанының бәрі – сіздің не ОЙЛА – йтыныңыз, не ІСТЕ – йтініңіз, не АЛ – атыныңыз, барлығында таңдау бар. Сіз және мен бірдеңе ІСТЕ – мес бұрын, пайдасын тексеріп алғаннан кейін ғана таңдау жасап, шешім қабылдаймыз.

Біз өлетінімізді немесе өлгенше дейін өмір сүруіміз керек екенін өзгерте алмаймыз. Бірақ адам бұны да өзгертуді үйренді, бірінші проблеманы салауатты өмір сүру салтын ұстанып, өмір сүру жасын максималды ұзарту арқылы, дегенмен өлім атты бір кезең болатыны факт – бірақ бұл жойылып кету, не жоқ болып кету дегенді білдірмейді, Жаратушы адамды мәңгілік өмір сүру үшін жаратқан – бұл метафизикалық заңдылық. Екінші проблеманы адамдар өзіне қол жұмсау арқылы шешуді үйренді, дегенмен бұл депрессияның ең асқынған түрі болып табылады және де бұл ауру. Бұндай адамдардың бірінші өмірді сәл ғана шыдай алмай құрбан еткені әрине өте өкінішті. Осындай жағдайлардың себебін зерттеп және де басқа адамдардың қайталауына жол бермеу керек.

Біз өзгерте алатын нәрсені – таңдау дейміз, себебі туылу мен өлімнен басқаның барлығы біздің таңдау. Өміріңізге барлық жағынан зерттеп қараңыз және өміріңізде не ІСТЕ – йтіндігіңізді нақты және анық шешіңіз, себебі бұл сіздің таңдау еркіңізде, сіз бұл процессті өз қалауыңызша басқара аласыз. Осы уақытқа дейін сіз дұрыс таңдау жасап келдіңіз бе? Бұл өмірде мәжбүрлеу жоқ, бұл өмірде таңдау ғана бар. Қазіргі уақытта сіз өміріңіздің қай жерінде екеніңізге қараңыз. Сіз БОЛ – ғыңыз келген жердесіз бе? Қалай болғанда да, сіз – саналы түрде немесе бейсаналық түрде таңдау жасап келдіңіз.

Қайда барғыңыз келсе, алдымен қазір қайда екеніңізді түсінуіңіз керек. Адамдардың көпшілігі өздерін алдап, өмірде өз орнын жоққа шығарады. Бірақ кез-келген прогресс үшін сіз өзіңіздің қайда екеніңізді және ішіңізде не болып жатқанын дұрыс түсінуіңіз керек. Сіздің өміріңіз сіз қалағандай БОЛ – ып жатыр ма? Сіз БОЛ – ғыңыз келетін жердесіз бе? Сізде АЛ – ғыңыз келген нәрселер бар ма? Егер осы сұрақтардың кез келгеніне жауап «жоқ» болса, біз мұның бәріне шынайы түрде қарауымыз керек.

Өзіңізді жоққа шығарудан, өзіңізге қарсы болудан қандай рахат аласыз? Бақытсыз болудан қандай рахат аласыз? Сізге ыңғайсыздық немесе қолайсыздық сезімі қандай рахат әкеледі? Жетіспеушілік пен шектеу тұрғысынан ойлаудан қандай ләззат аласыз? Өзіңіздің өміріңізде не ІСТЕ – сеңіз де, мейлі ол позитивті болсын, мейлі негативті болсын, пайда мен шығынға байланысты екенін еске түсіру маңызды. Сондықтан шығынды қарастырыңыз. Қазіргі шынайы болмысыңыз үшін сіз қанша уақыт пен күш-қуат жұмсадыңыз? Қанша ақшалай шығын шығардыңыз?

Бақылау – кез келген өзгерістің алғашқы қадамы. Бақылау арқылы сіз бостандыққа бірінші қадам жасайсыз. Өзіңізді көру мен есту арқылы сіз өзіңіздің ойлау үлгілеріңізді сезіне бастайсыз және де әр ойыңызды (есіңізде болса алдыңғы кітаптардан, ой дегеніміз – ішкі сөз) сөзге айналдырып жазып отырыңыз. Ерінбеңіз, бұл өзіңізді бақылау мен танудың ең тиімді тәсілі.